Сәулет - архитектура объектілерін жасау жөніндегі қызмет, құрылысқа арналған жобалық құжаттаманың сәулет бөлігінде белгіленген, объектінің ішкі және сыртқы сипатын жасау жөніндегі шығармашылық процесс, жобаны іске асыру кезінде авторлық қадағалау жасау. Қала құрылысы – қала құрылысын жоспарлаудағы аумақтарды, елді мекендерді ұйымдастыру және дамыту қызметі. Қалалық және ауылдық елді мекендерді кешенді жобалау қала құрылысы кеңістігін қалыптастырудың шығармашылық процесін қамтиды.
Құрылыс - өндірістік және өндірістік емес мақсаттағы негізгі қорларды жасау жөніндегі қызмет. Жаңа құрылыстарды салу және қолданыстағыларды өзгерту, құрылыс материалдарын, бұйымдары мен конструкцияларын жасау (өндіру).
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мыналарды жүргізуден тұрады:
-
құрылыс үшін инженерлік ізденістер, картографиялық-геодезиялық қорды сәулет-қала құрылысы және құрылыс мақсаттарында пайдалану;
-
сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында негіздемелер, болжамдар, бағдарламалар жасау;
-
белгіленген тәртіппен қала құрылысы, сәулет құрылысы және де өзге де жобалық құжаттамаларды әзірлеу, сараптау, келісу және бекіту;
-
жаңа құрылыстарды салу, кеңейту және техникалық қайта жарақтау. Қолданыстағы құрылыстарды, ғимараттарды, инженерлік және көліктік коммуникацияларды жаңғырту, қайта жаңарту, өңдеу және күрделі жөндеу;
-
аумақты инженерлік дайындау, абаттандыру және көгалдандыру объектілерін салу;
-
аяқталмаған объектілер құрылысын тоқтату;
-
объектілерді кейіннен пайдаға жарату жөніндегі жұмыстар кешені;
-
ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-эксперименталдық жұмыстар және олардың нәтижелерін сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласында пайдалану;
-
құрылыс процесін технологиялық қамтамасыз етуді қоса алғанда, қала құрылысы және сәулет-құрылыстық бақылау.
Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қызмет мемлекеттің, қоғамның және жеке тұлғаның мүддесін қамтамасыз етеді:
мемлекеттік мүдде – жалпы қоғамның мүддесі, өңірлерді, қалаларды, кенттерді, ауылдарды (селоны) және басқа елді мекендерді, көлікті және инженерлік коммуникацияларды, байланыс пен энергетиканы, қоршаған ортаны қорғауды тұрақты дамытудың шарттарын қамтамасыз ету, тарихи және мәдени мұра объектілерін сақтау;
қоғамдық мүдде – өмір сүрудің қолайлы шарттарын қамтамасыз етудегі жекелеген өңір, қала, село тұрғындарының мүдделері, шаруашылық қызметі нәтижесіндегі зиянды әсерлерді болдырмау, табиғи құндылықтарды сақтау;
жеке мүдде – оларға тиесілі жер учаскелерінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін жүзеге асыруға байланысты жеке және заңды тұлғалардың мүддесі.
Азаматтар мен заңды тұлғалардың қала құрылысы және сәулет құрылысы қызметі оларға тиесілі объектіні (жер учаскесін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті) пайдалануда қолайсыздық тудырса немесе пайдалануға мүмкіндік бермесе шектелуі мүмкін.
Жеке және заңды тұлғалар қала құрылысы және сәулет құрылысы құжаттамаларын талдауға қатысуға және оған өзгерістер енгізуге құқылы.
Қала құрылысы, сәулет немесе құрылыс шешімдерін қабылдау кезіндегі пікір-таласқа жеке және заңды тұлғалардың қатысуы мынадай нысанда болуы мүмкін:
-
тікелей қатысу;
-
өкілін жіберу;
-
заңнамада тыйым салынбаған өзге нысанда.
Қала құрылысы және сәулет мәселелерімен ұсыныстар бойынша азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін жергілікті сәулет және қала құрылысы органдары қабылдайды.














